» » Ұрпақ тәрбиесі

 
 
 

Ұрпақ тәрбиесі

Автор: admin от 12-05-2016, 07:09, посмотрело: 1142

0

«Ұрпақ тәрбиесі -ұлт болашағы»
 
   Әрбір ұлағатты ұстаз өз өмірінде тәлім-тәрбие беретін тәжірибе жинайды, жинақтайды, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндейді. Түйгенін ой елегінен өткізіп, таразының екі басына салып саралайды, қорытындылайды. Тәрбие жөнінде аз-маз ой қозғасам, ойлыларға ой салар, балғын балалар болашаққа үкілі үмітпен үңілер деген ізгі оймен ой бөліспекпін. Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі – ол ғибратты, ғұмырлы, ғасыр бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген — ұлттық тәрбие тағылымы. Сан ғасырлар бойы шектеулі шеңбер аясынан шырмауықтай шырмалып шыға алмай келген ұлттық тәрбиені жаңа талапқа сай жаңғыртып, жаңартып өскелең жас ұрпаққа толыққанды тайға таңба басқандай жеткізсек, таптырмас тағылым болары сөзсіз. Сонымен сөз басын қазақ халқының даналығы мен халық педагогикасын байланыстыра баяндауды жөн көрдім.
  Халық тағылымы – ескірмей, заман ағымымен өзгеріп, өсіп-өніп отырады. Әрине, оны өшіретін де өсіретін де — тіршілік иесі Адамзат. Сенімді, сергек санаңа сапалы да саналы ой ұялататын, ар-ұятыңның аражігін айқындайтын игі істерді шашпай-төкпей көненің көзіндей сақтап, келер келешекке, ұрпақ бойына күре қан тамырындай білім нәрін тарататын да сіздер мен біздер.
Қазақ халқының даналығы, тәрбие тағылымы – тамыры тереңде жатқан асыл қазына. Сондықтан, тәрбиенің діңгегін босатпай, тілімізді сұр жыландай шұбарламай, тектілікпен, сөзімізді сүйектен өтіп, жүрекке жететіндей мағыналы, мазмұнды сөз саптауымызбен өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу біздің борышымыз.
Өткендердің өнегелі өсиетін, даналардың дара дарындарын дәріптеп отыратын – халық, көпшілік және бұқаралық ақпарат құралдары. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жазатын кісінің тілі шұрайлы, бірақ найзаның ұшындай үшкір, керек кезінде сөзбен түйреп алатын, ал кейде әсерлі сөзімен үйіріп алатын, сөздік қоры мол болуы шарт. Бұл – әрбір қаламгерге қойылатын таудай талап болуы тиіс. Себебі, жамағатқа жарытып жазған жылуы жоқ, сылдыр суды сабада сары қымыздай сапыратын жандар да аз емес, біз азаматтарымызға айбат, батылға қайрат бітіретін рух беруге тиіспіз.
«Тегінде ең берекелі де парасатты тәжірибе — әрине халық түйген тұжырымдар, ғасырлар бойы зергерлік ұқыптылықпен сұрыпталған үрдістер, дамыған даналық дәстүрлер, ұстаздық ойлар болса керек-ті» дейді қазақтың көрнекті ақыны [М.Әлімбаев]. Қандай керемет, ғанибет, ғибраты мол сұрыпталған — сүрленген сүр ойлар десеңізші…
Бірыңғай тәрбие жүйесі жалпы білім беретін мектептерде 80 жылдардың ортасына дейін тұрақты болды. Ал қазіргі таңда, тәрбие жұмыстары тұрақты бір жүйемен жүргізілмей келеді. Тәрбие жұмысының сапалы негізі қаланса, салмақты сары алтындай сақталып қалар еді. Мемлекетімізде тәрбие жұмысы жүргізілмейді деген ойдан аулақпын, тек бірыңғай бір жүйемен жүргізілмейтіні қынжылтады.
 
Тәрбие тал бесіктен...
Заманға сай отбасында  бала тәрбиелеу  аса үлкен  жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет. Отбасы –сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы- бала тәрбиесінің ең алғашқы  ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие тал бесіктен басталады. Баланы бесіктен тәрбиелеу қажет.
Баланы бесікке салу дәстүрі баланың  жетіліп, өсуіне  септігін тигізеді. Ата- бабамыздан қалған мұраны одан әрі жалғастыру біздің еншімізде. Баланы бесікке саларда ауылдың  аса құрметті анасы таңдап алынады. Көп бала өсіріп, тәрбиелеп  ардақты анаға жас сәбиді бесікке салу рәсімі сеніп  тапсырылады. Осылайша, қазақ халқы жас сәбиге асыл аналардың жолын берсін деген ниетпен ырымдаған.Бесікке жатқан бала дені сау, ұйқысы тыныш, дүниетанымы кең, өмірге құштар болып өседі. Тілі де ерте шығып, балабақшаға барғанда қатарластарынан оқ бойы озық тұрады. Олай болуы орынды да. Өйткені, бесікте жатқан бала ана әлдиімен ұйықтап, ана әлдиімен  оянады. Бала бесікте жатып әуезді әнді тыңдап қана қоймайды, бала қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі. Айналаны бағдарлайды, өмір сүру қағидаларымен танысады, ата-анасын, атасы мен апасын, бауырларын таниды. Олармен тілдесуді бастайды. Алғашқы айлардан бастап -ақ бала жекелеген буындарды айтып, сөйлей бастайды. Анасың еркелеткенін, кейіген сәттерін ажырата алады. Әкесінің  жұмыстан келіп,  құшағына алған сәттердің бәрі бала зердесінен өтеді. Уақыт келе, бала өскен сайын, көп нәрсені үйренуге айналадағы құбылыстарға зер сала бастайды. Баланы бесікке салып, өсіру аналарға көп көмек. Кейде ана бар шаруаға үлгере алмай жататыны бар. Жас баланы тамақтандырып, бесікке салып қойып, әлдилей отырып, тамақ әзірлеуге уақыт табуға болады. Дер кезінде қажетті істерді атқарып қойып, сәбимен ұзақ тілдесуді дағдыға айналдырған жөн
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.
Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:
Отбасы – шағын мемлекет,
Мен – президент, сен – премьер,
дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.
Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балағатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», — деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.
Хан ордасы, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің шұрқ тесік құрым киіз лашығына қайтып оралғанда Жиренше шешен: «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», — деп, жаны жай тапқан екен. Бұл аңызда үлкен шындық, терең мән бар. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке — өз үйі» – деген тамаша нақыл бар.
Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.
Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.
Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.
Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
ЖЕКЕ ТҰЛҒАҒА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕ БЕРУ
  Бүгін де оқушыларға әлемдік деңгейде өркениетті негізде білім мен тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіру ғаламдық мәні бар проблемаға айналып отыр. Тіпті бүгінгі қоғамның талабы, адам тәрбиесіне мазмұнмен қарауды талап етеді. Яғни, мектепте оқушының жан-жақты дамыған тұлға етіп тәрбиелеу міндеті тұр.
       Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіну. Ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана- сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз
       Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.
Адамдардың бойында қалыптасқан имандылық қадір-қасиеттер рухани құндылықтарға, ал адамдардың қолымен жасалған тұтыну заттары мен кәсібі материалды құндылықтарға жатады.
       Жобаны  жазуда алға қойған мақсатым — ұлттық құндылықтарын бойына сіңіру арқылы бүкіл адамзаттың құндылық тұғырнамасында қалыптасқан тәні және жаны сұлу, өзіне-өзі сенімді, ғылыми -теориялық білімділігі мен тәжірибелік қабілеттері арқылы күрделі әлемдік, өмірлік әрі әлеуметтік кеңістікке еркін ен алатын қасиеттерге ие және әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудағы сынып жетекшінің рөлін айқындау
      Міндеттері:
оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін   ұялату, ұлттық рухын дамыту;
ана тілі мен дінін , оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру;
тәрбие ісін тартымды, ұтымды ұйымдастыру;
мұражай материалдарын пайдалана отырып, оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеу;
ұлттық мәдениетті меңгерте отырып әлемдік мәдениетті игеру.
       Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.
       Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын.Оны үзе алмаймын.Үзу қолымнан келмейді» — дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін:бірі -өзім, екіншісі-халқым» — дейді.Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық  рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа? 
       Жеке тұлғаны ұлттық тәрбие арқылы дамыта отырып, нақты әрекет арқылы оқытуда төмендегі құндылықтардың болуы қажет:
белсенді қарым-қатынас:  оқушы мен мұғалімнің әрбір мәселеде өз көзқарастарын білдіріп отыруы;
мұғалімнің әр жеке оқушының ерекшелігін дамытуы, қоғам алдындағы жауапкершілігінің болуы;
өзіндік тәртіп: өзіндік бақылау мен бағалауды, шешім қабылдауды үйрену және оны дамыту;
шыдамдылық: әр түрлі пікірлерді қабылдай алу, бір-бірінің пікірлері мен ерекшеліктерін құрметтеу, қабылдау.
      "Ел болсам десең, бесігіңді түзе” – дейді ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері көп. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелері соның айғағы. Елін сүйген адам сол елдің салт-санасын, мәдени мұрасын қастерлеп, өнеге тұтуы тиіс.
      Қандай мемлекеттің де ертеңі еңселі, бала-шағаның баянды болуы жастардың тағдыр-талайының  қалай қалыптасқанына байланысты. Сондықтан мектептер мен өзге де оқу орындарының басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды игеруге қабілетті, ғылым мен тәжірбие жүзінде терең білім ала отырып, жеке тұлға болып қалыптасуға дайын ұрпақ тәрбиелеу.
 
 
 
 
 Ата – аналарға арналған сауалнама
 
Аты-жөніңіз –––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––
 
Біліміңіз                                   А) жоғары
                                                       Ә) аяқталмаған жоғары
                                                       Б) орта
                                                       В) орта – кәсіптік
3. Оқушыға қатысыңыз –––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––
 
4. Отбасыңызда неше бала бар?  1,      2,         3,         4,         5,         6,одан да көп
 
5.Сіздің әлеуметтік беделіңіз? 
 
6.Отбасыңызға кіретін табыс көздері
                                                             А)жалақы: жоғары, төмен, орта
                                                              Б) зейнетақы
                                                              В) қосымша төлем
                                                              Г)табыс кірмейді
7.Қызметіңіз––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––
 
8.Жұмыс орныңыз–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––
 
9.Сіздің балаңыз жанұялық мәселелерді шешуге қатыса ма?
А) ия
 ә) жоқ
                                б) керексіз деп санаймы
10.Балаңыздың қайда жүргенін білмейтін жағдайыңыз болған ба?
А) ия
ә)жоқ
  б)кейде
                               В) бақылауға уақыт жоқ
11.Тұрмыстық жолдасыңыздың білімі
А)жоғары
ә)аяқталмаған жоғары
б)орта
в)орта кәсіптік
 
12. Қызметі––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––
 
13.Жұмыс орны ––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––
 
14.Балаңыздың білім дәрежесі қай дәрежеде деп ойлайсыз?
А)жақсы
ә)орта 
б)нашар
 
15.Балаңыздың тәрбиелік деңгейі қандай?
 А)жақсы
ә)орта 
б)нашар
 
16.Мектеппен байланысыңыз қандай?
А) үнемі байланыста
Б)уақыт болғанда
В)шақырумен
 

Категория: Ата-аналарға

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.