» » Ардагерлер ардағым

 
 
 

Ардагерлер ардағым

Автор: admin от 15-02-2017, 22:33, посмотрело: 1174

0

 

Ұлы  Отан соғысы  сұрапыл  күндеріне

тәрбие сағаты

 

Сынып жетекші:

Смадиярова М.

 

Мақсаты: ССРО-Германия соғысына қатысып,  елі үшін жанын пида еткен ерлерге тағзым, өшпес ерлігіне бас ию, аталарымыз бен апаларымыздың жанқиярлық ерліктерін оқушыларға үлгі тұту; оқушыларды отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеу; өзін қоршаған ортада жаман мен жақсыны ажыратып, жақсы қасиеттерді бойына сіңіру.

Өтілетін орны: акт залы

Безендірілуі: Ерлік туралы нақыл сөздер жазылған плакаттар, бейнетаспа, ССРО-Германия соғысындағы еліміздің батырлары жайлы кітаптар, ауыл ардагерлернің медаль, ордендері, фото суреттерінің көрмесі.

Барысы:

Мұғалім сөзі:  Бүгінгі  тәрбие сағаты  ССРО – Германия  соғысында ерлік  көрсетіп,  аттары  ел  аузында  жүрген батыр  аталарымызға  арналады. Бұл  соғыстың  салған жарасы  әлі  күнге дейін  барлық  ұлттың жүрегінде.  Мұны  ешқашан  ұмытпаймыз.

      Осы жарқын  өмірді  сыйлаған әке,  аға,  әпкелеріміздің  ерлігі мәңгі  үлгі.  Қай соғыста  болмасын  елін, жерін,  Отанын  қасық қаны  қалғанша   қорғаған батырлар  болған.  Бұл ССРО – Германия   соғысында  да біздің  өңірімізден  он бір азамат қатысып,  құрметті  атаққа ие  болды.  Оларды дәріптеу,  құрмет  тұту, елге таныстыру,  келешек  ұрпаққа қалдыру – біздің  парызымыз.

 

 

 

 

І бөлім «Отты жылдар елесі»

 

(Перде жабулы. Сахна сыртында көркемсөз оқылады) Сахнада жүргізушілер: жасөспірім мен қыз бала, көркемсөз оқушы.

Көркемсөз оқушы: Алпыс бес жыл өтсе дағы алпыс кезең,

                                Су алпыс мың домалап, ақты өзен.

                                Әйтсе дағы соғыстың жаңғырығын,

                                Жүрек сыздай еске алып әлі сезем.

 

    Уақыт жылжып ештеңе кетпейді екен,

                               Күн жаңарып ескіні түптейді екен,

                               Тән жарасы біткенмен, жан жарасы

                                Япырмай, өмір бойы бітпейді екен.

Жасөспірім: Уақыт тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп,  ай  алмасып, зымырап  жылдар  өтеді. Ешбір  уақыт  ұзақтығы, мерзім  межесі көмескіленіп «көзден  таса, көңілден  ұмыт,  қалдыра алмайтын  жылдар,  оқиғалар болады.  Сондықтан  халық соғыс  әкелген  қайғы – қасіретті,  миллиондаған адамның  өмірін  қиып, өркениеті  кейінге  қайтарған, адам  қолымен  жасаған ұлы  құндылықтарды  талқандаған қантөгіс,  сұрапыл  соғысты ешқашан  ұмыта  алмайды. 

Қыз бала: Иә, соғыс өзінің сұмдықтарын бүгінгі күнге дейін ұмыттырар емес. Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына міне 65 жыл болды. Бірақ, сол жылдар жаңғырығы адамзат жүрегін әлі сыздатуда. Иә, уақыттың тарих атты өз төрешісі бар.

Жасөспірім: «Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес,

   Неше мың жыл өтсе де тарих білмек, - деп Сұлтанмахмұт

айтқандай бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған ерлеріміз ешқашан естен шықпайды, ұмытылмайды. Біздер соғыс қайталанбауы үшін, оның сұмдықтарын, сол кезде біздің өміріміз үшін жанын қиған азаматтарды ұмытуға құқымыз жоқ. Біздер барлығын есте сақтауға міндеттіміз.

           

1 – жүргізуші:  Құрметті қонақтар,  ұстаздар  және ата – аналар!

 Сіздерді Қазақстан Республикасының Қарулы күштері  және  Жеңіс күні  мерекесімен  құттықтаймыз!

 

2 – жүргізуші:  Ұлы  Отан  соғысының аяқталғанына  65 жылдам  астам уақыт  өтсе  де, қаһарман  аға – апаларымыздың  жанқиярлық ерлігі  әлі  жадымызда. Олардың  қайтпас  рухымен бүгінгі   мерекеміз  мәңгілік мақтанышымызға  айналмақ.

 

1 – жүргізуші:Ардагерлер  үшін  жеңіс мерекесі  ең  қымбат мереке,   жастығын,  Отан қорғау  жолындағы  бастан кешкендерін  еске  алатын теңдесі  жоқ  мейрам. Бүгінгі  "Ардагерлер ардағым”  атты ашық  тәрбие  сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

 

 


Қыз бала:
      Тыртығы бар  тарихтың  денесінде,

                         Туған  жердің ырқына  көнесің  де,

                         Көне  етіктің ұлтанын  жұлып  алар,

                         Көктемдегі  көк сазың  әлі  есімде.

 

Жасөспірім:  Туғаннан  соң,   қайтесің  өлесің  де,

                         Жағасында  өзеннің,

                         Дөңесінде,

                         Бабам  жатыр,

                         Атам  мен әжем  жатыр,

                         Бәрі  есімде, туған  жер,  бәрі  есімде!

 

1 – жүргізуші:  1941  жылы  22 – маусым  күні  таң  шапағы  жаңа  ғана арайланып  атып  келе жатқан  кезде  елімізге қауіп  төнді.  Құрамында 5,5  млн.  адамы бар  фашистік Германия  тыныш жатқан  бейбіт  елімізге опасыздықпен  басып  кірді.

 

2- жүргізуші: Олардың  басты  мақсаты, сол  кездегі  ұлы держава  тұңғыш  социалистік мемлекетті  құрту, халқын  құлдыққа салу, адамдарын  қырып  жою болды.

 

1 – жүргізуші:  Бұлт  түнеріп аспаннан,

                           Талай көзден  жас  тамған.

                           Тұтқиылдан жау  тиіп,

                           Қырғын соғыс  басталды.

 

2 – жүргізуші:   Отаным, еркелеймін  енді  кімге,

                           Өзіңмен нені  болса  көрем бірге.

                           Қалайша қабырғама  батпас  менің,

                           Басыңа қатер  бұлты  төнген кезде.

Көркемсөз оқушы: («Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! Бүгін, 22-маусым күні таңғы сағат төртте неміс басқыншылары Кеңес Одағының мемлекеттік шекарасына басып кірді...» дауыс баяулай бастайды.Үнтаспадан  «Священная война» әні орындалады.)

 

Жасөспірім: Соғыс, соғыс  суық  хабар не  деген,

   Біреу таспен  қатты  ұрғандай  төбеден.

   Жұрттың  бәрі батыс  жаққа  қарайды,

   Түсетіндей бір  сұмдықтар  әуеден.

 

Қыз бала:     Бәріміз  де тұрып  қалдық  тістеніп,

   Кетердей  долы қайрат,  күшке  еніп.

   Біз  сол күні  киномызға  бармадық,

   Біз  сол күні  асымызды  ішпедік.

 

Қыз бала:    Талай  шешен көтерілді  мінбеге,

  Қанды балақ  құтырады  бұл неге.

  Отан үшін  қасықтай  қан қалғанша,

  Айқасамыз сау  тұрғанда  бұл дене.

 

Жасөспірім: Деді шығып  сөйлегендер   шетінен,

  Ызғар атып  көздерімен  бетінен.

  Мен сол   күні  қару алып  қолыма,

  Қан майданға  аттануға  бекінгем.

«Болмасыншы сұм соғыс» атты  көрініс көрсетіледі.

         

 

Көркемсөз оқушы: " Біз – қырқыншы жылдарданбыз” өлеңі оқылады.

 

1 – жүргізуші: Қазақстанда  соғыстың алдында 6,2 млн  халық тұратын еді.Осы  жылдары  республикамыздан  1 млн  196  мың 164 адам  қару  асынып майданға  аттанды. Республикадан  еңбек армиясына  700  мың адам жіберілді. Қазақстаннан соғыс  жылдары  әскери  комиссариаттар  арқылы  1  млн  900 мыңдай адам  сапқа  тұрды.

 2 – жүргізуші:  Соғыс  жылдары қазақстандық  азаматтар  Құрмет атақтарына,  Ұлы Отан  соғысы Батыры  атағына  ие болып, кеудесіне  қаншама  орден, медальдар  тақты.

 

Ән:  «Соғыстан қайтқан солдаттар»

 

ІІ бөлім. «Аңызға айналған жеңімпаздар»

 

Көркемсөз оқушы:    Соғыс не? Арпалысқан өлім-өмір,

Тұрса ағаш, сынса отын, жақса көмір.

Өлім мен өмір батыр алысқанда,

Бұрқылдап қызуына қайнар темір.

Соғыс не? Соғыс апат, соғыс соққы,

Ол соқса шығарушы бұрын жоқты.

Ол дауыл, күш мұхитын тасытады,

Елетпей азды-көпті, ашты-тоқты.

 

1 – жүргізуші: Бізде  соғыс  өрті шарпымаған,  қасірет  шекпеген отбасы жоқтың   қасы.  Сондықтан дәстүр  бойынша  өмірі үшін  қан  майданда жанын  пида   еткендердің және  кейінгі  бейбіт жылдарда  соғыс  жарақатынан көз  жұмған  ардагерлер  есімін құрметпен  еске  аламыз.

 

2 – жүргізуші: Олар:  Бауыржан Момышұлы,  Баубек  Бұлқышев, Төлеген  Тоқтаров, Нүркен Әбдіров,  шығыстың  қос қыран  батыр  жұлдыз қыздары - Әлия  мен  Мәншүк тағы  басқа  мыңдаған сарбаз  абзал азаматтар  бейбіт  еңбектен  уақытша  қол  үзіп, туған  Отаны  үшін, халқы  үшін   қан майданда  айқасты.

«Соғыстан қайтқан солдаттың өмірі»  атты көрініс көрсетіледі.

 

 1 – жүргізуші:  Жеңіс. Ия,  оны  сан миллиондаған  адамдар  төрт жыл  бойы  минуттап, сағаттап  күтті  емес пе?  Ақыры  олардың үміті  мен  сенімі ақталды.  Тілектері  орындалды. Бірақ,  сол  жеңіс жолында  Отан  үшін от  кешіп  миллиондаған асыл  азаматтар  мерт болды.

 

2 – жүргізуші:  Жауымен жан аямай  шайқасып,  ерліктің ерен  үлгілерін  көрсетті. Біздің  Қазақстанда  да соғыс  өрті  шарпымаған шаңырақ  кемде  кем. Жүз – мыңдаған  ата - әкелеріміз  соғыстың  алғашқы сәтінде–ақ  майданға  аттанды.   

 

1 – жүргізуші:  Жауға қарсы   атылған  он оқтың  тоғызы  Қазақстанда жасалды.  Осы  қан майданда  мерт  болған ерлердің   рухына  басымызды иіп  тағзым  етеміз.

Категория: Мектеп дәстүрі

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.