» » Тәрбие сағаты: Батырдың аты өлмейді

 
 
 

Тәрбие сағаты: Батырдың аты өлмейді

Автор: admin от 18-05-2018, 22:48, посмотрело: 3431

1 Сабақтың тақырыбы: Батырдың аты өлмейді

Сабақтың мақсаты: 1.Ұлы Отан соғысы,оның зардаптары,Ұлы жеңістің мән-маңызы туралы мағлұмат беру.
2.Оқушылардың тіл байлықтарын, ойын ұштау.
3.Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, ерліктерін үлгі ете отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу. Отансүйгіштікке, елжандылыққа, батылдыққа , шыншылдыққа баулу.

Көрнекіліктер:Интерактивті тақта, батырлар суреті.

Мұратбек:
Құрметті ата-аналар,ұстаздар бүгінгі 1 «Ә»сыныбының «Батырдың аты өлмейді» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Сіздерді 9-мамыр Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймыз! Аталарымыздың, әжелеріміздің ерлігімен келген бұл Жеңіс мерекесі ұрпағымыздың есінде мәңгі сақталады. Бүгінгі өткізілгелі отырған тәрбие сағатымыз да осы Ұлы Жеңістің келбетін насихаттауға арналған.

Сүндет:Ұлы Отан соғысында Жеңіске жеткенімізге биыл 70 жыл толып отыр. Осы жеңіске жету жолында Қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан тарихындағы жарқын беттерге айналды.
Ұлы жеңістің тарихтан алатын орны ерекше. Бүкіл кеңес халқының 20-25 млн-нан астам ержүрек ұлдары мен қыздары құрбан болды. Бұл соғыста миллиондаған әйелдер жесір,балалар әкесіз қалды. Аналар ұлдарынан айырылды, оның құрбандығына шалынбаған отбасы қалмады.
Фашистік қарақшылар 1710 қала мен жұмысшы поселкелерін, 70 мың село мен деревняны құртып жіберді.Осы соғысқа Қазақстаннан 1млн.70мың адам қатысса,олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тапты, бірі хабар- ошарсыз кетті.Жеңіс оңайлықпен келген жоқ.Сондықтан Жеңіс күні әрқайсысымыздың жүрегімізге жақын.
1941 жылдың маусымы,
Күндердің аса қиыны.
Тарқатып елдің базарын,
Соқты да соғыс құйыны.
Орманы көкпен таласқан,
Өксіді өмір адасқан,
Қан-жоса боп қара жер
Қақырап түсті көк аспан.

Мұратбек: Дәл осынау жадыраңқы жай күйі,
Болса дағы қай ғасырдың қай күні.
Ұлы Отаным басын иіп бір минут,
Есіне алмақ сол бір апат қайғыны.

Сүндет: 1941 жылы 22маусым күні,таңғы сағат 4-те таңшапағы жаңа арайлап келе жатқан кезде фашистік Германия тұтқиылдан Кеңес Одағына опасыздықпен басып кірді.
Бұлт түнеріп аспаннан,
Талай көзден жас тамған.
Тұтқиылдан жау келіп,
Қырғын соғыс басталған.

Мұратбек: 9 мамыр мерекесі барлығымыз үшін ең бір қымбат тарихи күн екені күмәнсіз. Біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің қандай бағамен келгенін ешқашан ұмытпаймыз. Біз Отанымыздың бейбітшілігі мен тәуелсіздігі үшін өз өмірлерін қиған аяулы жандарды мәңгілік естен шығармақ емеспіз.

Сүндет: Кешегі неміс - фашист басқыншыларымен болған қырғын соғыстағы жеңіс оңайлықпен келмеді. Талай ардақты азамат елі, жері үшін жанын қиды.
Бұл мереке әрқайсысымыз үшін жақын да қымбат мереке.
Жеңіске жету жолында Қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Сондықтан Жеңіс күні әрқайсысымыздың жүрегімізге жақын.
Өкінішке орай, уақыт сол ұлы оқиғаларға қатысушыларды біздің қатарларымыздан алып кетіп жатыр. Олар азайған үстіне азайып барады. Бірақ ешкім де, ештеңе ұмытылмауы тиіс! Себебі, бұл – біздің тарихымыз, біздің мақтанышымыз, біздің даңқымыз!

Жасұлан: Оқ борады күні-түн
Жатты жерді от қарып.
Алға қарай ұмтылды,
Батыр қазақ оқты алып.
Туын жықпай қолдағы,
Опат болды елі үшін.
Кеудесімен қорғады,
Азаттықтың жеңісін.

Алия: Жүргенімде қуанышпен қамданып,
Керек – жарақ заттарымды қолға алып,
Жиырма екінші сағатында қырық бірдің
Батыстан дауыл соқты долданып.
Таң алдында сағат бесті соққанда
Жынды неміс сылтау тапты жоқтан да,
Тұтқиылдан тыныш жатқан самарқау
Шекараға келіп салды ойранды.
Слайд:
Сүндет: 1 - оқушы: Бауыржан Момышұлы 1910 - жылы 24 желтоқсан Жамбыл облысы, Көлбастау ауылында момын шаруа отбасында дүниеге келген. Кеңес жазушысы 1942 - жылдан бері КПСС мүшесі. Даңқты жауынгер, гвардия полковнигі, хатшы, аты аңызға айналған батыр. Президент жарлығымен қаһарман атанды.

Бауыржан Момышұлы - қара басы,
Халқымыздың болған адам садағасы.
Бауыржан Момышұлы – қазақ деген,
Ғаламат ұлы сөздің баламасы.

Халқындай ол да бағлан, ол да батыр
Халқындай ол да кеніш, ол да тақыл.
Қайыспас қара емендей қайран ерді,
Халқына теңеу мәні сонда жатыр.

Мұратбек: Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ бүкіл халық жан тәнімен өз Отанын қорғауға аттанды.Солардың арасында Бауыржан Момышұлы,Талғат Бегелдинов,Рақымжан Қошқарбаев,Мәлік Ғабдуллин сынды аталарымыз ерлік көрсетсе,Мәншүк Маметова,Әлия Молдағұлова сынды әжелеріміз Отаны үшін жандарын құрбан етті.

Кешіп өтіп кешегі от жалыннан
Дүниеге ерлігімен танылған,
Кең жауырынды,Талғардай тік иықты.
Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан.
-деп ақын ағаларымыз суреттегендей Бауыржан атамыз сұрапыл соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан.Бауыржан атамыздың ерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес,ол соғыста жауынгерлерге басшылық еткен. Батыр атамыз 207 рет ұрысқа қатысып,5 рет өлімші болып жараланған екен.

Аружан: Қайтпаған дауылдан
Кек алған жауынан
Халқымның қастерлі
Жайсаңы Бауыржан.
Қазақтың қаны үшін
Жүрегі ауырған
Елімнің намысын
Қорғаған Бауыржан.
Жаралғандай жалыннан
Жайсаң батыр-Бауыржан,
Естігенде есімін
Жау есінен жаңылған.
Слайд:
Нұрлан: Еске алып туған жер, ана жарын
Биік ұстап абырой, намыс, арын.
Отан үшін аянбай соғысты олар
Кеудесінен ұрса да отты жалын.

Жасұлан: Қан кешкенде майданда бабаларым
«Қан көрмесін ұрпағым, бабаларым»
Тілек еткен ұрысқа түсіп алмай
Тауып алып қан - жаса жараларын.

Жібек: Ал,Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов - Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. 1922 жылы 5-тамызда Сарыарқаның кең-байтақ даласында, Ақмола облысының Майбалық ауылында туған.
Батыр Талғат ағамыз
Құртып талай жау мысын
Мейірімді кескін жүз
Ерге біткен мінезі
Кеудесінде қос жұлдыз
Екі рет батыр - бір өзі.
Темірлан: Батырлықтың қашанда тұрағы – елі
Жүрегінде батырдың тұрады елі.
Өшпес ерлік, өнеге, тағылымның
Біз боламыз әркезде мұрагері.

Жібек: Жиырма сегіз, жиырма сегіз – бір ғалам,
Анау жаудың танктері лаулаған.
Ресей кең, Отан кең, артымызда Москва.
Шегінуге хақымыз жоқ, хақымыз жоқ бір қадам.

Нұрасыл: Орыс, қазақ, қырғыздан,
Құрылған бұл шағын топ.
Жауға үрей туғызған
Жайпап түсер жалын боп.
Слайд:
Темірлан: Қошқарбаев Рақымжан (1924 —1988 жж.)
– Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық Қаһарманы 1924 ж. 19 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданында дүниеге келген.1942 ж. әскерге алынған. Соғыс кезінде асқан ерлік көрсеткен. 1988 ж. 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.
Өр тұлғалы келбетті
Қошқарбаев Рақымжан
Сын сағатта ерлепті,
Ер сүйсінген батыр жан.
Слайд
Көрініс: Алия
Алия: Кіруге рұқсатпа?
Комиссар: Кіріңіз
Алия: Жолдас комиссар мені соғысқа жіберуіңізді өтінемін
Комиссар:Соғысқа
Алия: Ия, соғысқа
Комиссар:Қайдан келдіңіз?
Алия: Ленинградтан
КОМИССАР: Бұрыннан осында тұрасыз ба?
Алия: Жоқ, мен Қазақстанда туып өскенмін, қазақ қызымын
Комиссар. :Ә, онда қазақ қызы екенсің ғой, өте жақсы. Бірақ мен сені соғысқа жібере алмаймын
Алия: Неге?
Комиссар:Өте жассың ,баласың
Алия: Жоқ, мен бала емеспін.
Комиссар:Жасың нешеде?
Алия: Он жетідемін
Комиссар:Он жеті көп емес қой
Алия: Мен мылтық ата да, дәл тигізе де аламын
Комиссар: Солай де
Алия: Мен майданға кетемін. Мен фашисттерді қз қолыммен өлтіремін
Комиссар: Онда сені майданға жібереміз
Алия: Отаным үшін қызмет етемін!
Алия: Бұл соғысқа ер азаматтар ғана емес,қыздар да өз еріктерімен сұранып барған.Солардың ішінде Шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк те бар.
Қазақтың жауынгер батыр қызы Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысы,Қобда ауданында дүниеге келген. Ол әке-шешесінен жастайынан айрылып,ағасының тәрбиесінде болады.Кейін Ленинградқа көшіп ,сол жердегі балалар үйінде тәрбиеленеді.
1941жылы Әлия 15 жаста болған.
1942жылы өз еркімен снайпер мектебіне оқуға түсіп,оны жақсы
бітіріп шыққан.
1943 жылы соғысқа аттанған.
1944 жылы 19 жасында соғыста мерт болған.
Қош айтып оқу-ойынға,
Әжесін тастап қария.
Қол бұлғап туған Отанға
Майданға кетті Әлия.
Би: Жігіттер «КАТЮША»
Аружан: Жер мен көктің арасын
Шарпығанда қалың өрт.
Әлия орыс қаласын
Азат етіп болды мерт.
Ол жеңісті көрген жоқ
Келді кейін азат күн.
Бірақ мәңгі өлген жоқ
Батыр қызы қазақтың.
Әлияны бұл күнде,
Барлық бала біледі.
Әлия аты-көңілде,
Әпкеміз деп жүреді.

Алия: «Алтын жұлдыз»
Көкте зырлап барады
Алтын жұлдыз.
Жерде тұрып қарады
Әлия қыз.
Алтын жұлдыз алысқа
Кетті ағып,
Кетті ағып,жас қызға
Бір ой салып.
Алтын жұлдыз зымырап
Кетті алыс,
Кетті алыс мылтық ап
Бір жап-жас қыз...
Майдан кешті мылтық ап
Әлия қыз,
Өр төсінде жарқырап
Алтын жұлдыз.
Ән: «Әлия» Орындайтын: Жақсылық Іңкәр
Слайд
Жансая: Мәншүк Мәметова (Жиенғалиқызы) 1922жылы Батыс Қазақстан қазіргі Орал облысының Орда ауданында туған. Мәншүктің ата-анасы ерте қайтыс болған.
1942 жылы Алматы қаласындағы медицина институтында оқып жүрген.Олда өз еркімен сұранып соғысқа аттанған.Ақырғы оғы қалғанша жауды қырып,ерлікпен қаза тапқан.
Сонау жылы жер көкті
Соғыс бұлты торлаған
Сонда Мәншүк әпкеміз
Жаудан елді қорғаған.
Үстінде сұр шинелі
Дулығасы болаттан
Мәншүк әпке күн түні,
Жауға оқты боратқан.

«Гүл» Іңкәр:
Мәншүк атыс толасында,
Жүр орманның арасында.
«Мені ал,мені ал» деп алуан гүл
Қолына оның таласуда.
Тығылып гүл омырауға,
Сұрағандай жанға сауға.
Ант еткендей тұрды Мәншүк
Гүлді жауға таптатпауға.

Арман: Жау еңсесін жаншып төмен,
Қуған оның жатыр ізі.
Есіңде ме Мәншүк деген,
Қазақтың жас батыр қызы.
Әпкеміз деп жүреді,
Атын аңыз жыр қылып
Елдің батыр түлегі,
Әр жүректе тұр күліп.

Ән: «Мәншүк» Орындайтындар: Аружан, Тоғжан, Жібек
Жібек: Жанымдай сүйем халықты,
Ерлері мәңгі даңқты
Өнеге тұтып өсемін.
Әлия,Мәншүк,Мәлікті.
Аттары әнге ұласқан
Нұркен боп ашық тұр аспан,
Табылар Мәншүк,Әлия
Қарасаң әр бір кластан.
Слайд:
Іңкәр: Қасым Қайсенов, Талғат Бигельдинов, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рақымжан Қошқарбаев сияқты аты аңызға айналған ағаларымыз бен апаларымызды тарих бетінде «Батыр» деп жазды.
Кетпес олар естен мәңгі,
Кектері тұр кеудемізде,-
Ерлік даңқы - жеңіс таңы
Жарқыратып келді бізге

Арман: Тастар көкке атылды,
Орман шулап, тау құлап,
28 батырды жеңе алмады жау бірақ.
Жамылды жер тұманды,
Өрт ішінде қалды бақ.
28 қыранды жеңе алмады жау бірақ.
Оқ астында зулаған,
Туған жермен бір болып,
Жау алдында тұр олар
28 мың болып,
28 батырын ұмытпайды ел мәңгілік.

Мұратбек: Ұлы Отан соғысының дүние жүзі үшін маңызы зор болды.
1945 жылы 8-мамырда Берлинде фашистік Германия жеңілгенін мойындап қол қойды.
1945 жылы 9-мамырда бұрын-соңды болмаған мың зеңбірек, 30 дүркін салют атылды.
Міне, жеңіс күні осылай келген екен.
Дүние жүзі халқы бостандық алды.
Халық Отан ұғымын терең сезіне түсті.
Қаһарман ерлік пен еңбек жеңіп шықты.
Зұлымдық,басқыншылық тізе бүкті.
Бірлік,ерлік,халықтар достығы нығая түсті.
Айтып болды дүние талай әнді,
Аспан жүзін таң алды арай алды.
Жетсек деген арманға жетті-дағы,
Жеңіс деген бір сөзден ел оянды.

Іңкәр: Кетпес олар естен мәңгі,
Кектері тұр кеудемізде,-
Ерлік даңқы – жеңіс таңы
Жарқыратып келді бізге.
Жеңіс келді далама,
Жеңіс келді ән болып.
Жеңіс келді қалама,
Келді ауылға сән көрік.
Жеңіс күні құтты болсын,
Құтты болсын аталар
Ұмытпайды ешқашан да,
Жауынгерді балалар.
Би: «Ән сал сарбаз».

Жібек: Алақай ай,әйгілі
9 май бүгін
Алғаш күні шаттықтың
Соңғы күні қайғының.
Ұлы күшке сенген күн
Фашистерді жеңген күн
Қырмызы гүл, қызыл гүл
Құшақтарға енген күн.
Ән: «Отаным» Орындайтын: Мұратбек
Нұрасыл:«Жеңіс күні»
Ойлап-ойлап тұрдым көп,
Сұрақ қойдым білгім кеп:
-Қуанышты мереке-
Жеңіс күні қай күн?-деп.
Атамнан да сұрадым,
Әкемнен де сұрадым,
Ағамнан да сұрадым,
Анамнан да сұрадым.
Тосты бәрі құлағын:
-Дұрыс,-десті сұрағың.
-Бейбіт күннің бәрі де
Жеңіс күні шырағым!

Нұрлан: Ардагерлер, ұзақ өмір сүріңдерші,
Арамызда ардақ болып жүріңдерші!
Құрметтейік жеңісті мамырдағы,
Бақыттан рахаттанып күліңдерші!
Ардагер аталарға мың алғыс!
Қызығын сыйлаған бұл дүниенің.
Келешек ұрпағының бақыты үшін,
Батырлықпен қорғаған жаудан жерін.

Ән: «Жойылсын соғыс» Орындайтын: Алия

Сүндет: «Күн көзін бұлт баспасын»
Енді соғыс болмасын!
Қабаққа қайғы қонбасын,
Жер бетін өрт шалмасын.
Әр күні бейбіт таң атып,
Әлпештеп жұртты оятып,
Әр күні көкке күн шықсын!
Күрсінбесін аналар!
Күле берсін балалар!
Соғыс өрті жанбасын,
Сәбилер жетім қалмасын!
Есігіне әр үйдің
Бесігіне сәбидің
Мәңгілік бақыт орнасын
Болмасын соғыс болмасын!
Мәңгілік бақыт орнайды
Болмайды соғыс болмайды.

Темірлан: Саған құрмет – бейбітшілік сақшысы.
Сен тұрғанда қуырылар жау апшысы.
Саған миллион жүректердің салюті.
Саған сөздің шұрайлысы, жақсысы.


Ән: «Әр қашан күн сөнбесін» Хор
Күн әдемі көк әлемі
Бұл суреті жас баланың.
Ақ қағазға салған өзі
Жазылған бар сөзі.

Әр қашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін.
Қасымда болсын анам,
Болайын мен де аман.

Аружан: Отанымызды жаудан қорғау жолында қасық қан қалғанша шайқасқан Кеңес Одағының батырларына бас иеміз!

Сүндет: Жеңісті қолдан бермеген батыр ата-әжелеріміздің көпшілігі жеңіске жеткендерін көрген жоқ,бірақ қасық қаны қалғанша Отаны үшін,болашақ ұрпақ үшін шайқасты, бүгінде солардың арқасында
тыныш та бейбітшілік заманында өмір сүріп жатырмыз. Төбемізде Тәуелсіздіктің көк туы желбіреп тұр..
Ән: «Көктудың желбірегені». Орындайтын: Ахметқанов Темірлан

Слайд: Ауылымыздың Ардагерлері

Сүндет: Сен неткен Отан — анам, ғажап едің,
Әспеттеп көркем тілмен жазар едім.
Болашақ ұрпағыңның бақыты үшін,
Жайнай бер Ұлы Отаным — қазақ елім.
Мұратбек: Желбіре, көгілдір Ту, көк аспанда,
Не жетсін жөні келіп жарасқанға.
Сен менің құдіретім, кием-дағы,
Айбардың айтсын сөзді адасқанға.
Ән: «Атамекен» Орындайтын: Жансая
Сүндет: 1945 жылдың 9 мамыры. Герман фашизмінің күйрей жеңілген күні. Жеңіс! Ұлы Жеңіс!
2 - жүргізуші: Жеңістің туы жалтылдап,
Жығылмай мәңгі тұрады.
Сол тумен өскен аршындап,
Ерлердің бізбіз ұланы!

Мұратбек: Құрметті көрермендер бүгінгі Ұлы Жеңіс күніне арналған концерттік бағдарламамызды аяқтауға рұқсат етіңіздер. Келіп тамашалағандарыңызға көптен – көп рахмет.

Қортынды: Ал, балалар! Ендігі жерде біз бар мүмкіндігімізді Отанымызды нығайтуға, егеменді еліміздің ертеңінің жарқын болуына арнауымыз керек.Отандарыңды сүйіп қадірлей біліңдер. Ата-баба дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болыңдар. Оңайлықпен келмеген тәуелсіздігіміздің туы мәңгілік желбіреп тұрсын. Жақсы оқып, еліміздің тәрбиелі, Отанын сүйетін нағыз азамат болып өсе беріңдер.
Құрметті ата-аналар, ұстаздар осымен 1 «Ә»сыныбының «Батырдың аты өлмейді» атты тәрбие сағатын аяқтай отырып, баршаңызға бақыт, бірлік тілейміз. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген ниетпен қортынды сөзді ата-аналар мен ұстаздарға береміз.

Категория: Мектеп дәстүрі

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.