Әдеби кеш

Автор: admin от 16-02-2017, 05:45, посмотрело: 1881

0

Тақырыбы: Жүз жыл жырлаған жүрек (әдеби кеш)

Мақсаты:

·    Жамбыл өмірі мен шығармашылығынан түсінік беру;

·    мәнерлеп оқу, жатқа айту дағдыларын дамыту, айтыс өнері арқылы   оқушыларды суырып салмалылыққа баулу;

·    мемлекттік тілді қастерлейтін, Отанын құрметтей білетін, болашақта Қазақстанды өркендетуге өз үлестерін қосатын азамат тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Жамбыл портреті, суреттер, қанатты сөздер, интерактивті тақта, слайд.

Сахна шымылдығы қазақ биі әуенімен ашылады.

 

Барысы:

1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар!

Сіздерді қазақтың ұлы ақыны, жыршысы, жырауы - Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. Жамбыл Жабаев шығармашылығына арналған – «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты әдеби кешке қош келдіңіздер!

 2-жүргізуші:

Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей-көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын
Жамбыл деп қойылыпты атым содан.

 

1-жүргізуші: Бүгінгі кеш, өзге кештерден өзгеше, өйткені қазақ «сөз қадірін — өз қадірім» деп білген халық. Кеңдігін де, елдігін де кемеңгерлігі мен көсемдігін, сөзге сыйғызған. Бітпес даудың, бәтуасыз шудың кесімі де, шешімі де сөз болған. Сондықтан да сөзден өткен күш, сөзден өткен құдірет жоқ. Сондай даралық сөз тудырған, суырып салма ақынымыз Жамбыл Жабаев туралы кішкене тоқталып өтсек.

Жамбыл Жабаев – ақын, жырау, жыршы. Ол 1846 жылдың 28 ақпанында қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Жасынан анасы Ұлданның ақындық талантын бойыны сіңірген Жамбыл әкесі Жападан:


…Өлең мен сөзді дос қылып,

Құрамын ақын санатын…

Батаңды маған бер, әке.

Тіліме менің ер, әке,

Жапаның ұлы ақын боп,

Жақсы істепті дер, әке, -

деп әкесінен бата сұрапты.


 

 

 

2-жүргізуші: Жамбыл – Сүйінбай Аронұлының шәкірті. Менің пірім – Сүйінбай, сөз бастаман сыйынбай, - деп ұстаз өсиетіне адал болған.

Сүйінбай Аронұлы Жамбылға:

Түскен жолың даңғыл өмірің айдын болсын,

Домбыра - садақ, өлең - оқ орнымен жұмсай біл,

Шыншыл, әділ бол, көптің ойындағысын тап, сөзін сөйле.

Дұшпаныңа әрқашанда батыл бол,

Әрқашанда адал бол, жөн іске қамал бол,

Жаманға - қашық, жақсыға - асық бол.

Таусылмайтын - дәулет, тозбайтын сәулет берсін.

Сөзің - асыл, ғұмырың - ғасыр болсын,

Береке дарып, бақ қонсын, Әумин» -

деп бата берген екен. Осындай бата алған Жамбыл Жабаев ащы болса да әділдікті, төтелеп тіке айтуды өзінің осы ұстазынан үйренген, яғни, осы бата оның өмірлік ұстанымы болған.

1-жүргізуші: Қазан төңкерісіне дейін Жамбылдың айтыстары мен өлеңдері сақталмады, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша беріліп отырған. Олардың ішіндегі аса танымалдары: «Менің әкеме», «Шабданға», «Шалтабайға», «Қалиға» т.б.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Жамбыл халықпен бірге болып, көтеріліске белсенді қатысады. Ақын өз өлеңдерімен көтеріліске қатысушыларды патша режиміне қарсы тұруға шақырды. Осы жылдары Жамбыл «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды» атты өлең-жырларын шығарды.

Жамбыл 1917 жылғы қазан төңкерісінің куәгері болып, қазақ халқы өмірінің барлық жағынан жаңаруын өз көзімен көрді.

1919 жылы Жамбыл Жетісу ақындарының слетіне қатысты.

1934 жылы Жамбыл халық өнерпаздарының I республикалық съезіне қатысып, нағыз халық ақыны екендігін дәлелдейді.

1936 жылы Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігінде өз өнерін көрсетті.

 

Келесі сөзді оқушыларға берейік.

Көрініс: Жамбылдың баласын соғысқа аттандыруы

 

2-жүргізуші: 1941-1945 жылдар біздің Отанымыз үшін ең ауыр жылдар болды. Гитлер бастаған неміс басқыншылары соғыс жарияламай жерімізге енді. Нева жағасындағы Ленинград қаласы 900 күн қоршауда қалды. Халқымыз үшін бұл күндер – зұламат күндер болды. Осы қайғылы жағдайға байланысты Жамбыл өзінің "Ленинградтық өренім” атты өлеңін арнады. 1941 жылы Жамбыл Жабаев Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

 

Ж.Жабаев "Ленинградтық өренім”өлеңі

1-жүргізуші: Сол сұрапыл соғыста, Ленинград қаласын жаудан қорғаған ұрыс кезінде, Жамбылдың суреті басылып, «Ленинградтық өренім» өлеңі орыс тіліне аударылып, үлкен әріптермен жазылып, плакат болып қала көшелеріне, тақталарға, қабырғаларға жапсырылып, майданға жеткізілді.

Тұратын ел алуан ұлттан – ұлыстан,

Аман болсын даудан, алыс – жұлыстан.

«Ырыс түбі – ынтымақ» деп жарасып,

Қазақстан болсын жайнап — Гүлстан, -

дей отырып, тілі басқа - тілегі бір орыс тіліне аударылған өлеңіне назар аударайық.

"Ленинградтық өренім” өлеңін орыс тілінде оқиды.           

 

 

 

2-жүргізуші: Соғыс жылдарындағы аса бір қайғылы өлеңі – баласы Алғадай соғыста ерлікпен қаза болғанда айтқаны. Ақын өз қайғысы арқылы бүкіл ел қайғысын осы өлең арқылы танытып, жауға деген өшпенділікті күшейтіп, ерлікке жігерлендіре түсті.

«Алғадай» өлеңі 

 

1-жүргізуші: Жамбылдың Отаншыл жырларының ішінде дастандары ерекше орын алады. Бұл қатарда оның «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Замана ағымы», т.б. ұзақ жырлары бар.

Жамбыл тек төкпе ақын ғана емес, сонымен бірге тамашы жыршы да күйші болған. Жамбыл қырғыздың әйгілі «Манас», түрікменнің «Көрұғлы», шығыстың «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиха», т.б. жыр-қиссаларын жатқа білген, сағаттап, тіпті тәулік бойы талмай жырлайтын болған.

 

2-жүргізуші: Жамбыл шығармашылығында айтыс қомақты бір орын алады. Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы.

 

1-жүргізуші: Жамбылдың сүйікті шығармашылығы – айтыс. Жамбыл өз кезеңінің көптеген ақындарымен айтысып, біреуінен де жеңілмеген. Олардың ішінде Сарбас, Досмағамбет, Құлмамбет сияқты атақты айтыскер ақындар бар.

Бүгінгі айтыс өнерінде тыңдаушы жұртқа егеменді еліміздің тынысын еркін жырлап, Тәуелсіздігімізді тәу етіп, шынайы өмір мысалдарын тапқырлықпен суреттеуімен ерешеленіп жүрген жетісулық ақындарымыз: Айтақын Бұлғақов, Бекарыс Шойбеков, Балғынбек Имашев ағаларымызды, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысқызы, Қаныша апайларымызды, жас дарын Жандарбек Бұлғақовты ерекше атап өтуімізге болады.

 

2-жүргізуші: Айтыс –халықтың көзі, айтыс – халықтың тілі. Айтысқа суырып салма, сөзге шешен, қиыннан қиыстырар, білімді, бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы бір сырлы адам қатыса алады.

 

Би: аққу биі

 

1-жүргізуші: Өмірдің соңғы жылдарында жиі науқастанған Жамбыл атамыз 100 жасқа аяқ басқанда, 1945 жылы 22 маусымда дүниеден өтті. Ұлы ақын денесі өзі өмір сүрген Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында жерленген. Басына үлкен кесене тұрғызылып, ауыл ортасында ақынға арналған мұражай бар. Жамбыл есімі қазақ халқы үшін, қазақ поэзиясы үшін аса қымбат. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның басты себебі Жамбыл арманының адамзаттық арман-аңсарымен ұласып жатқандығында. Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрстіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз».

 

Ән: «Сүгір термесі» Орындайтын:  Дана, Аружан, Гүлжанат

 

 

2-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар!

Қазақтың ұлы ақыны, жыршысы, жырауы Жамбыл Жабаев шығармашылығына арналған – «Жүз жыл жырлаған  жүрек» атты әдеби кешімізді

Ағайын-туған, есен бол, 
Алшайып атқа мінейін. 
Енді айналып келгенше, 
Аңсай-аңсай жүрейін. 

Жамбыл атамыздың сөзімен аяқтаймыз. Кездескенше қош сау болыңыздар!

Хор: «Қазақтай ел қайда»

 1-жүргізуші: Қорытынды сөз  мектеп директорының тәрбие ісінің орынбасары Қ.Маликова беріледі.

Категория: Мектеп дәстүрі

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.