» » Мектеп директорының баяндамасы

 
 
 

Мектеп директорының баяндамасы

Автор: admin от 4-01-2018, 22:25, посмотрело: 1597

0 Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы,
«Ж. Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мектеп директоры
Мугалбеков Жанабай Дербесович мырзаның оқыған баяндамасы

Баяндама тақырыбы:

ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ - САПАЛЫ БІЛІМ

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде адамдарды қалыптастыруға және кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдай жасау: жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық, коммуникациялық желілерге шығу» деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.
Бүгінгі мақсат — әрбір оқушыларға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.
Елбасымыз Н.А. Назарбаев «Дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін, біз жоғары білімді ұлт болуымыз керек» дей келе, өскелең ұрпақтың функционалдық сауаттылығына аса назар аударуды талап етіп отыр. К.Ушинский: «Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда, оның мұғалімдігі де жойылады», - деген екен. Бүгінгі күн- білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезең.
Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдан бастап, елімізде ғылым мен білімді дамытып, білім кеңістігінің қалыптасуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Мектеп- үйрететін орта, оның жүрегі –мұғалім. Баланың ойлау қабілетін дамытуға, байлығымызда, бақытымызда болған мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуге оқушыларды тәрбиелеу мұғалімнің басты борышы. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты-бәсекеге қабілетті маман дайындау. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылындағы ерекше тұс- оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Мұғалім сабақтарын түрлендіріп, өмірмен байланыстырып өтуінде пәндік білімінде ептілігінде және сауаттылығына сүйене отырып, оқу пәндері арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру негізінде жүзеге асады. Тек білім ғана бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыра алады. Дарынды ұстаз К. Д. Ушинский: «Қызығушылығын туғызбайтын оқу бірте - бірте оқушының білімге деген құмарлығын жояды, ал тек қызығушылыққа негізделген оқу оқушының еркін, күш - жігерін тәрбиелемесе мәнін жояды» деген екен. Сондықтанда мұғалім сапалы білім, салиқалы ой –өрісі кең тұлғаны қалыптастыруы үшін әрбір сабағын қазіргі заманғы білім берудің жаңа технологияларын қолдана отырып өту керек. Заман талабына сай әрбір ұстаз сабақтарында оқушылардың біліктілігін арттыру үшін оқытудың жаңа әдіс - тәсілдерін кеңінен пайдалану керек деп ойлаймын. Өз біліктілігін көтеру мақсатында әрбір мұғалім кәсіби шеберлігін шыңдап, білімін жетілдіріп отыруы керек. Сонда ғана өзін - өзі дамыта алатын, өзін - өзі жетілдіре алатын қоғамның белсенді, білімді жеке тұлғасын қалыптастыра алады. «Сабақ беру-үйреншікті жай шеберлік емес, ол –үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер»,- деп тәлімгер жазушы –ғалым Жүсіпбек Аймауытов айтқандай соңғы кездегі жаңа және отандастарымыздың төл технологияларын оқу процесінде жүйелі қолдануда, мұғалімнің белсенділігі, шығармашылық ізденісі, оны ұтымды пайдалануы оқу-тәрбие үрдісінде шешуші рөл атқарады.
ХХІ ғасыр- білімділер ғасыры. Сондықтан да білім сапасын арттыру , оқушылардың дарындылығын айқындап, біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми ізденіс қабілеттерін қалыптастыру –әрбір ұстаздың міндеті. Жас жеткіншектердің бойындағы ерекше қабілеттіліктерді, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар беру, оны сол бағытта жетелеу- ұстаз парызы.
Жаңа формация мұғалімі- рефлексияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық- әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құзыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани-адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.
Ең бастысы, ұстаз бүгінгі өмір ағымына ілесуді игеріп келеді. Қазіргі мұғалім жаңа білім беру парадигмасы негізінде инновациялық технологиялар мен интерактивті әдіс-тәсілдерді терең меңгеруге ұмтылуда. Осының барлығы да ұстаздың инемен құдық қазғандай оқумен, еңбекпен, ізденіспен қол жететін табысы. Қазір білім мазмұны санмен емес, сапамен өлшенетін кезең. Білімнің сапалы, тәрбиенің нәтижелілігі кәсіби деңгейдегі ұстазға байланысты. Сол себепті қазіргі уақытта білім жетілдіру саласына көп назар аударылуда. Мектептегі білім беру мазмұнын жаңартудағы мұғалімнің атқаратын маңызды рөлін ескере отырып, педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар атқарылды. Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары бойынша 33 (80%) мұғалім оқытылды. Кері байланыстар мұғалім мен оқушы арасында, оқушы мен оқушы арасында, мұғалім мен мұғалім арасында жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар мектептегі оқыту мен оқу сапасын көтеріп, білім саласына көптеген өзгерістер әкелді.
Мұғалімдердің үздік сабақ бейне материалдары мектеп сайтында орналастырылып, үнемі толықтырылып тұрады және әдістемелік материалдар барлық мұғалімдер үшін қолжетімді. 2016-2017 оқу жылының мамыр айында «Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану- сапалы білім негізі» тақырыбында семинар өткізіліп, семинар барысында «критериалдық бағалау жүйесі», «Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту», «Дарынды оқушылармен жұмыс», «Оқытудың жаңа әдістері», «Оқытуда Ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану» бағыттары бойынша ашық сабақтар мен коучингтер өткізілді. Жаңа білім беру стандартына сәйкес, балалар білімді қай жерден іздеу керек екенін, сыни тұрғыдан ойлауға, ұжымда жұмыс істеуге үйретіледі. Ұстаздар өз кезегінде олардың оқу процесіне деген қызығушылығын арттыруға дағдыландырады.
Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болады, нәтижеге жетеді. Сөзімнің соңын Ж.Аймауытовтың «Мұғалімнің айналысатыны ¬ үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам (тұлға) болғандықтан, біркелкі әдіске табан тіреп шектеліп қалуға болмайды...» деген ұстаздарды «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей еліміздің болашағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде қажымай, талмай, жаңашылдықпен, шығармашылықпен жұмыс жасауға шақырамын және жасап жатқан еңбектеріңіздің жемісін жақсы нәтижелермен көріңіздер деп аяқтағым келеді.

Категория: Мектеп дәстүрі

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.